2021 жылы 5 наурызда дипломнан кейінгі білім беру факультеті ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында интерндер мен резиденттердің және ЖТД-1,2 кафедрасының оқытушы-профессорлар құрамының қатысуымен ақиық ақын Жамбыл Жабаевтің 175 жылдығына арналған іс-шара өткізіп, бабамыз Жамбылдың әдеби-мемориалдық мұражайына онлайн саяхат жасады.
«Мұражай Қазақстан Үкіметінің шешімімен қазақ халқының ұлы ақыны Жамбыл Жабаев тұрған үйде 1946 ж. ұйымдастырылды. Жамбыл атамыздың мұражайы Алатаудың Майтөбе биігіне таяу жатқан жазықта, Жамбыл бабамыз көз жұмған ауылда орналасқан. Мұражайдың іргесінде ұлы ақынның көзі тірісінде егілген ағаштар, сол қалың баудың түкпіріне таман алма мен алмұрт бағының арасында 1946 ж. салынған кесене тұр. Кесене 1970 және 1996 ж. қайта жөнделіп, ақ мәрмәрмен қапталған. Кесененің дәл ортасына ұлы жыршыға құлпытас қойылған. Ақын денесі осында жерленген. Кесененің дәл іргесінде, сол жақ босағасына ақынның киесі — қызыл шұбар жолбарыс мүсіні орнатылған (1996). Жамбыл өмір сүрген үй — мұражайдағы бөлмелер сол күйінде сақталған. Ондағы он екі бөлменің әрқайсысы тарихи жәдігерлерге толы, әрбір зат — ақын өмірінің тікелей куәгері. Ақынның 150 жылдығы қарсаңында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен Жамбыл әдеби үй-мұражайы толығымен қалпына келтірілді»
(мұражай тарихынан).
Саяхатты жүргізген Жамбыл Жабаевтің әдеби-мемориалдық мұражайының меңгерушісі, ҚР мәдениет саласының үздігі, ақының немересі Жамбылова Салтанат Тезекбайқызы кездесуге қатысушыларды бабамыздың өмірбаяны және шығармашылығымен қысқаша таныстырып, биылғы жылы Жамбыл атамыздың 175 жылдығы Қазақстан Республикасы көлемінде аталып өтуіне байланысты көптеген іс-шаралар жоспарланған және өткізіліп жатқанын атап өтті. Бұдан соң мұражай қызметкерлері әдеби-мемориалдық мұражайдағы заттармен кешке қатысушыларды онлайн түрінде таныстырды. Аталған кездесу «Рухани жаңғыру», «Алғыс айту» күні аясында Жамбыл атамыздың өмірі мен шығармашылығымен танысуға бағытталған. Іс-шараның мақсаты білім алушыларды халқымыздың мәдинетімен, әдибетімен, тарихымен және салт-дәстүрімен таныстыру және рухани құндылықтарымызды насихаттау.
Онлайн саяхатқа факультеттің 50 шақты білім алушылары қатысты.