Нейрохирургияның болашағын қалыптастыру: Алматы мамандары WFNS 2025 Дүниежүзілік конгресінде
Алматы қаласының нейрохирургтері 2025 жылғы 1–5 желтоқсан аралығында Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен WFNS 2025 (World Federation of Neurosurgical Societies) 19-шы Дүниежүзілік конгресінің жұмысына белсенді түрде қатысты. Аталған ауқымды шараға әлемнің 130 елінен 1800-ден астам қатысушы жиналды. Олардың қатарында АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Жапония, Франция, Италия, сондай-ақ Таяу Шығыс, Азия және ТМД елдерінің жетекші нейрохирург мамандары болды.
Конгресті Әмірліктердің нейрохирургтер қоғамы ұйымдастырды, ал форумның басты тақырыбы — «Нейрохирургияның болашағын қалыптастыру» болды. Іс-шара аясында пленарлық отырыстар, ғылыми пікірталастар, интерактивті шеберлік сабақтары, инновациялық әдістер мен озық хирургиялық технологиялардың көрсетілімдері өткізілді.
Алматылық делегация құрамына мегаполистің жетекші нейрохирург мамандары кірді. Атап айтқанда: Алматы қ. №2 балалар қалалық клиникалық ауруханасының директоры Рабандияров Марат Рабандиярович, Алматы қ. №7 қалалық клиникалық ауруханасы директорының орынбасары Әлиев Марат Амангелдіұлы, Алматы қ. №7 ҚКА жанындағы нейрохирургия орталығының жетекшісі Дүйсембеков Ермек Қавтаевич, тамырлық нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Рауан Кастей, сондай-ақ №7 ҚКА-ның тамырлық және нейрохирургиялық бөлімшелерінің дәрігерлері қатысты.
Отандық мамандар Алматы қаласының нейрохирургиялық қызметінің дамуы мен жетістіктеріне арналған мазмұнды баяндамалар ұсынып, заманауи медицинаның бірқатар өзекті бағыттарын — нейроонкологияны, тамырлық нейрохирургияны, аз инвазивті технологияларды және хирургиялық емдеудегі инновациялық тәсілдерді талқылады.
Шетелдік әріптестер қазақстандық нейрохирургтердің тәжірибесіне жоғары қызығушылық танытып, отандық нейрохирургияның айтарлықтай ілгерілеуін атап өтті. Конгресс аясында клиникалық және ғылыми ынтымақтастықты одан әрі дамыту, бірлескен жобаларды іске асыру және кәсіби тәжірибе алмасу мәселелері бойынша келіссөздер жүргізілді.
Марат Рабандияровтың айтуынша, мұндай ауқымды халықаралық іс-шараға қатысу кәсіби байланыстарды дамыту үшін маңызды қадам болып табылады.
«Бұл — халықаралық ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын маңызды оқиға. Конгресс нейрохирургия саласындағы соңғы жетістіктермен, озық технологиялармен және инновациялық зерттеулермен танысуға мүмкіндік береді», — деп атап өтті ол.
Өз кезегінде Ермек Дүйсембеков Конгрестің әлемдік медицина үшін маңыздылығын атап өтті:
«WFNS 2025 — әртүрлі елдердің мамандары арасында білім мен тәжірибе алмасуға арналған бірегей алаң. Мұндай кәсіби қарым-қатынас бүкіл әлем бойынша нейрохирургиялық көмекті жетілдіруге елеулі үлес қосады».
Алматылық дәрігерлердің WFNS 2025 Дүниежүзілік конгресіне қатысуы Қазақстан нейрохирургиясының жоғары даму деңгейін көрсетіп, отандық медицинаның халықаралық беделін нығайтуға ықпал етеді.







