Эндокринология кафедрасы 2009 жылғы 27 тамызда ҚазҰМУ ректоры, профессор А.А. Ақановтың бұйрығымен ұйымдастырылды. 2016 жылы университет құрылымындағы өзгерістерге байланысты кафедра таратылды, ал 2017 жылы ҚазҰМУ ректоры, профессор Т.С. Нұрғожиннің бұйрығымен және ҚазҰМУ Ғылыми кеңесінің шешімімен қайта қалпына келтірілді.
Кафедраның миссиясы – озық білім беру, ғылыми және клиникалық технологияларды интеграциялау негізінде эндокринология саласында жоғары білікті мамандар даярлау арқылы қоғамға қызмет ету.
Кафедра қызметкерлері – балалар және ересектер эндокринологиясы саласындағы жоғары білікті, мол педагогикалық және ғылыми тәжірибесі бар мамандар. Кафедра құрамында 2 профессор, 4 қауымдастырылған профессор, 3 ассистент-профессор және 3 ассистент қызмет атқарады.
Кафедра 4-курс бакалаврларын; «Эндокринология» пәні бойынша 6-курс дәрігер-интерндерін; «Ересектер және балалар эндокринологиясы», «Балалар эндокринологиясы» мамандықтары бойынша резидент-дәрігерлерді; магистранттар мен PhD докторанттарды даярлауды жүзеге асырады.
Кафедра қызметінің маңызды бағыттарының бірі – мамандандырылған медициналық көмек көрсету және практикалық денсаулық сақтауды дамытуға қатысу, соның ішінде ауруларды диагностикалау, емдеу және алдын алу сапасын арттыру. Кафедра қызметкерлері эндокринологиялық көмек көрсету стандарттарын әзірлеуге және практикалық денсаулық сақтауда енгізілетін клиникалық хаттамаларды дайындауға қатысады.

