ҚазҰМУ-дің резидентурасына 642 білім алушыны оқуға қабылдады

Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті 642 резидентті 46 мамандық бойынша оқуға қабылдады. Олар клиникалық мамандық бойынша оқытылады.

Биыл оқуға түскен резиденттермен кездесу өткізіліп, оларға академиялық жұмыс жөніндегі проректор Жанна Қалматаева, ҚР Денсаулық сақтау министрінің кеңесшісі Алмат Тұрысбекұлы, дипломнан кейінгі білім беру факультетінің факультет деканы Абылай Баймаханов, профессор Жанат Испаева, сондай-ақ клиникалық жұмыс департаментінің басшысы Еркен Дәуітбаев құттықтау сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді.

Одан кейін Мансап және жұмысқа орналастыру орталығының басшысы Жәмила Қашағанова, Профессорлық клиниканың қызметкері Гүлмира Исаева, ғылыми кітапхана басшысының орынбасары Аяжан Қыдралинова және әскери кафедра өкілі Жадыра Елеуканова сөз сөйледі. Білім алушылар мамандықтары бойынша білім алатын болашақ кафедраларымен таныстырылды, кафедра қызметкерлері олардың сұрақтарына жауап берді

Оқуға түскендердің 399-ы мемлекеттік гранттар бойынша, 145-і жергілікті атқарушы органдардың гранттары бойынша оқиды. Бұдан басқа, 98-і ақылы негізде оқиды.

2025 жылы Қазақстан бойынша резидентураға барлығы 2 500 грант бөлінді. Олар өңірлердің сұраныстары мен қажеттіліктерін ескере отырып берілді. Бұл болашақ мамандардың оқуларын ойдағыдай бітіріп, білімі мен дағдылары неғұрлым сұранысқа ие жерлерде жұмыс істейтініне кепілдік береді.

ҚазҰМУ-да 15 мыңға жуық студент білім алуда, олардың ішінде 3 мыңға жуық шетелдік студенттер. ЖОО-да 6 мектеп, 2 факультет, 75 кафедра, практикаға арналған 5 ғылыми орталық, 3 университеттік клиника 167 клиникалық база бар. Кафедраларда 1 502 оқытушы білім береді. Білім алушыларға барлық деңгейдегі 100 білім беру бағдарламасы қолжетімді, оның ішінде балалар резидентурасының 14 жаңа мамандығы бар. ҚазҰМУ медицинаның барлық бағыттарын қамтыған ҚР-дағы жалғыз медициналық ЖОО болып табылады.