Инсультке жол жоқ!
“Бүкіл әлемдік инсультпен күрес” күніне орай үстіміздегі жылдың 29 қазан күні Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында көлемді конференция өткізілді. Сонымен қатар, “ашық есік күні” жарияланып, қайырымдылық шарасы ұйымдастырылды. Аталған конференцияның өтуіне С.Ж.Асфендияров атындағы неврология бойынша интернатура, резидентура кафедрасы, анестезиология, реаниматология және қарқынды емдеу кафедрасы, жүйке жүйесі аурулары кафедралары және Қазақстан Мемлекеттік Медициналық Үздіксіз Білім Беру Университетінің неврология кафедрасы ат салысты.
Конференцияға құрметті қонақ ретінде Нагасака Ұлттық орталық нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі, Жапониялық эпилепсия қоғамының президенті, профессор Хироши Баба шақырылған.
Конференцияда қарастылырылған тақырыптар: “Инсульт — әлемнің өзекті мәселесі ретінде”, “Инсультпен шалдыққан науқастарға заманауи үлгідегі медициналық көмек көрсету”, “Инсультті емдеуден гөрі алдын алудың оңайлығы”, “Инсульттен кейінгі науқастардың реабилитациясы және заманауи мәселесі”, “Қан айналым жүйесі ауруларынан болатын мүгедектік және өлімшілдікті төмендетудегі инсульт орталығының рөлі”, “Ауыр инсульт алған науқасты жүргізудегі нейромониторинг”, “ЖШКК-дағы инсульт орталығы”.
Баяндама мәліметтеріне сүйенсек, 275 000 астам қазақстандықтар инсульт алудың нәтижесінде мүгедектікке шалдыққан. Ал Қазақстанда жыл сайын 50 000 астам адам инсультпен ауырады, соның ішінде науқастардың 50%-ы күтуші көмегін қажет етеді. Қазіргі таңда Жер шарында әрбір алтыншы адам өмір сүру барысында инсультпен ауырады екен.
Ашық есік күніне орай келген қаралушыларға инсульттің алдын алу жөнінде медициналық кеңестер беріліп, кішірігім медициналық тексерулер жүргізілді.
Сонымен қатар, Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасын инсультпен емдеу және реабилитацияға қажетті заманауи жабдықтар қамтамасыз етілген. Және мұнда жоғары дәрежелі білікті мамандары жұмыс жасайды.
Айта кетейік, іс-шара аясында ҚазҰМУ анестезиология, реаниматология және қарқынды емдеу кафедрасының профессоры, медицина ғылымының докторы, Исралиева Венера Карыпбековна инсульт алған науқастарды емдеуде нейромониторинг рөлінің маңыздылығы жайлы толық баяндама жасады.
Осыған орай 2014 жылдың 16 қазанында анестезиология, реаниматология және қарқынды емдеу кафедрасының ұйымдастыруымен “Респираторлы қолдау және нейромониторинг орталығы” ашылды. Аталған кешен ең соңғы үлгідегі заманауи аппараттармен жабдықталған.
Бұл күні өткізілген іс шара маңыздылығымен және пайдалы ақпараттарды қамтуымен ерекшеленді. Жоғарыдп айтылған инсульт көрсеткіштеріне байланысты қазіргі таңда мұндай шараларды өткізу өзектілігі жоғары болып тұр. Сол себепті, қайырымдылық шарасы әлі де жалғасын табады деп жоспарлануда.